Еліміздің барлық аймағындағы спорттық федерациялар мен спорт басқармалары жылдың қорытынды кешін өткізіп, биыл үздіктер қатарынан көрінген атлеттерді марапаттап жатыр, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Солардың қатарында Алматы қалалық күрес федерациясы да бар. Омар Әлиев басқаратын федерация биыл түрлі жас деңгейіндегі Қазақстан, Азия және әлем чемпионаттарында жүлде алған балуандарға ірі көлемде қаржылай сыйақы берді.

Атап айтар болсақ, ересектер арасында ел чемпионы атанған балуандарға 1 миллион теңгеден берілді. U15, U17 ел чемпионатында топ жарған балуандарға 500 мың теңгеден берілсе, U23 ел чемпионатында жеңіске жеткен спортшыларға 700 мың теңге сыйақы табысталды.
Сондай-ақ, дәл осы көлемдегі қаржылай сыйақылар олардың жеке бапкерлеріне берілді.
Алматы күрес федерациясы ең жоғарғы сыйақыны әлем чемпионатында жүлде алған спортшыларға берді. Биыл әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Нұрқожа Қайпанов пен оның жеке бапкеріне 20 миллион теңгеден (әрқайсысына) сыйақы табыстады.

Қалалық федерация ең жоғарғы сыйақыны әлем чемпионы атанатын спортшыға бекіткен — 50 миллион теңге. Алайда, алматылық балуандар биыл ересектер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдемен шектелді.
U15, U17 әлем чемпионатында топ жарған балуандарға 2,5 миллион теңге, U23 әлем чемпионатындаа жеңіске жеткен спортшыларға 5 миллион теңге сыйақы тағайындалған. Дәл осы көлемдегі қаржылай сыйақылар олардың жеке бапкерлеріне берілді.

Сонымен қатар, Омар Әлиев бастаған Алматы қалалық күрес федерациясы отандық күрес ардагерлеріне жаңа жылдық дастархан жайып, ақшалай сыйақы табыстады.
