Спорт және дене шынықтыру Комитеті басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан туын көтеріп шығатын спортшылар есімін атады, деп жазады Sportbugin.kz.
«Қазақпарат» мәліметінше, шорт-тректен Қазақстан командасының мүшелері Яна Хан мен Денис Никиша Қазақстан туын Олимпиаданың ашылу салтанатында алып шықпақ.
Бұл ақпаратты Спорт және дене шынықтыру Комитеті басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев қоғамдық отырыс кезінде мәлімдеді.
Желіде бұл ақпарат қызу талқыға түсті. Көпшілік қазақ спортшыларына ту көтеру бақыты да бұйырмағанын айтып, қарсылық танытқан. Сондай-ақ, Янаның Қырғызстанда дүниеге келгенін де жанкүйерлер тілге тиек етті.
Алайда, ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Балым Аламединова бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда ұлттық құрама толық жасақталған жоқ. Лицензияға талас әлі де жалғасуда. Толық ақпарат ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми ресурстарында жарияланады. БАҚ өкілдерін ресми мәліметті күтуге шақырамыз», — деді баспасөз хатшысы.
Айта кетелік, 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында еліміздің көк туын шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен конькиші Екатерина Айдова алып шыққан болатын.
Фото: Olympic.kz
