Еркін күрестен әлем чемпионаттарының жүлдегері Дәулет Ниязбеков ұлттық құрамадағы өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
Естеріңізде болса, бұған дейін Данияр Қайсановтың еркін күрестен ұлттық құрамаға бас бапкер атанатынын хабарлаған едік.
«Даниярға сәттілік тілеймін. Ол бұл жұмысты алып кетеді. Негізі, мансабын аяқтаған балуандарды команданың бапкерлер құрамына бұрыннан әкелу керек еді. Баяғыда қою керек еді. Бұл тәжірибе өзге елдерде кеңінен қолданыста. Біз ғана кешігіп жүрміз. Қайсановтың ұлттық құраманы басқаруға білімі де, тәжірибесі де жетеді», — деді Ниязбеков.
Айта кетелік, еркін күрестен Қазақстан құрамасына екі дүркін Азия чемпионы Данияр Қайсановтың бас бапкер болып тағайындалатыны анықталды.
