Бокстан Өзбекстан құрамасының мүшесі, этникалық қазақ Саят Ілиясов Қазақстанға көшіп келді, деп жазады Sportbugin.kz.
Бұл туралы бокстан әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов мәлімдеді. Ердос мырзаның айтуынша, Саяттың Қазақстанға келгеніне небары 2-3 күн болған.
«Қазір барлық бұқаралық ақпарат құралдары шулап жатыр. Өзбекстаннан боксшы келсе, ел ерекше назар аударатыны түсінікті. Бірақ кейбір жаңалықты жазарда мәселенің ақ-қарасын біліп алған дұрыс. Қазір Саятқа қатысты түрлі ақпарат желіні шарлап жүр.
Саяттың Ақтауға келгені рас. Тіпті, көшіп келгеніне бір апта да болған жоқ. Әлі Қазақстан азаматтығын алмады. Ішкі жарыстарға қатысу үшін алдымен азаматтық алу керек. Бүгінде сол құжаттардың шаруасымен жүр. Ақтауда жаттығады. Әзірге, Қазақстанға өзі келді. Ата-анасы жұмыс бабымен сәл кейінірек көшіп келеді», — деді Жаңабергенов.
Айта кетелік, Саят Ілиясов Өзбекстан құрамасының сапында жастар арасындағы Азия чемпионы атанды. Финалда ол қазақстандық Илья Калининді жеңген болатын. Одан бөлек, «Жібек жолы» турнирінде топ жарған. IBA әлем біріншілігінде қырғызстандық Омар Ливазға ұпай санымен жол берді.
Желіде Саяттың Марат Жакиевтің жетекшілігімен жаттығатыны айтылуда.
