Бокстан 57 келіде ІВА әлем чемпионы атанған Оразбек Асылқұлов биылғы маусымға қатысты жоспарын айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
«Қаңтар айында ұлттық құрамамен бірге Шымкенттегі жаттығу жиынында болдым. Биылғы маусымда 60 келіде бақ сынаймын деп шештім. Қазақстан чемпионатында осы салмақта қола медаль алдым. Бірінші нөмірлі боксшы деп Серік Теміржановты айтар едім. Бибарыс Жексен де осы салмақта. 60 келі де еліміздегі бәсекелестік жоғары салмақтардың бірі.
Жалпы, алдағы уақытта 55 келіге ауысуды да ойлап жүрмін. Қазір сол салмақта 2 әлем чемпионы бар. Енді үш әлем чемпионы болады. Десе де, мұның бәрі алдағы уақыттың еншісінде.
Қазір жарақаттарымды емдеп жатырмын. Наурыз айынан бастап жаттығу жиынына қайта қосыламын. Егер реті келсе, биыл Азия ойындарында бақ сынап, алтын алғым келеді. Сегіз жылдан бері қазақ боксшылары жазғы Азиададан алтынсыз қалды. Өзім Азия ойындарына мүлдем қатысып көргенім жоқ», — деді Оразбек.
Айта кетелік, Оразбек Асылқұлов бұған дейін 57 келіде бірқатар жеңіске жеткен.
