Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 23-29 наурыз аралығында Прагада өтетін әлем чемпионатына қатыспайды, деп жазады Sportbugin.kz.
2025 жылғы қаңтар мен 2026 жылғы ақпан аралығында Михаил Шайдоров әлем чемпионаты, Азия ойындары, Төрт құрлық чемпионаты, Гран-при кезеңдері мен финалы, сондай-ақ Олимпиада ойындарын қоса алғанда, ең ірі 10 халықаралық жарысқа қатысты.
Олимпиада маусымында демалыссыз жаттығып, әр жарыста нәтиже үшін барын салды. Сол себепті бапкерлер құрамы ақылдаса келе спортшыға демалыс беру туралы шешім қабылдады.
«Михаил бір жыл бойы жарыстарда сәтті өнер көрсетті. Бұл физикалық және психологиялық тұрғыдан өте үлкен жүктеме. Біз чемпионымызды күтіп, оған толыққанды демалыс беруді жөн көрдік. Ол сондай-ақ барлық қажетті сауықтыру және медициналық оңалту шараларынан өтуі керек», – деді мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының бас бапкері Әсем Қасанова.
Прагада өтетін әлем чемпионатында Қазақстан намысын Софья Самоделкина мен Диас Жиренбаев қорғайды.
Фото: Сали Сабыров
