Дзюдодан Қазақстан әйелдер командасының үздігі Абиба Әбужақынова белгісіз уақытқа қатардан шығып қалды. Бұл туралы Sportbugin.kz хабарлайды.
Жақында Абиба Австрияда өткен Гран-при турниріне қатысқан болатын. Сол сында ол қола медаль үшін күресіп, нидерландтық спортшыға жол берді.
Осы жарыстан соң Абибаның жарақаты қайтадан сыр берді.
«Жарақат алуыма байланысты, маусымды Grand Slam емес, Гран при турнирінен бастадым. Әлі толық қалпыма келгенім жоқ. Белімді Австриядағы жарыстан соң қайта ауыртып алдым. Енді толық емделемін. Әзірге жарыстарға шықпаймын. Татамиге қашан оралатыным белгісіз. Астанада өтетін Grand Slam турниріне дейін жарақатымнан айығып үлгерем бе, оны да білмеймін», — деді дзюдошы.
Абиба Әбужақынова дзюдодан әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Азия ойындарының және Азия чемпионаттарының финалисті. Париж Олимпиадасын спортшы бесінші орынмен аяқтады.
Фото: Сали Сабиров, ҰОК
