
Бішкек қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының үш бірдей балуаны жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды Sportbugin.kz
60 келі салмақта сынға түскен Ербол Камалиев ширек финалда тайпейлік Йонг Сянг Суды 8:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, келесі кезеңге өтті. Енді ол финалға шығу үшін Солтүстік Корея балуаны Се Ун Римен белдеседі.
72 келіде белдескен Алматбек Аманбек те сәтті өнер көрсетті. Ол ширек финалда қытайлық Донг Лиді 3:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Келесі айналымда қазақстандық спортшы қырғыз балуаны Амантур Исмаиловпен күш сынасады.
Ал 97 келі салмақта Ислам Евлоев жапониялық Юри Наказатоны жеңіп, жартылай финалға жолдама алған болатын.
Осылайша, бүгінгі жарыс күнінде Қазақстан құрамасының үш балуаны финалдық жолдамаға таласады.
