
Қазақстанға Ненад Лалович бастаған United World Wrestling (UWW) делегациясы ресми сапармен келді, деп хабарлайды Sportbugin.kz
Құрамында UWW Asia президенті Мохаммед әл-Авамле бар халықаралық ұйым өкілдерінің бұл сапары — отандық күрес тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі.
Сапар аясында Астанада бірқатар стратегиялық кездесулер өтіп, Қазақстандағы күрес спортын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ауқымды жобалар таныстырылды.
Қонақтарды Еркін Оқасов арнайы қарсы алып, елордада бой көтеріп жатқан Қазақстан күрес академиясымен таныстырды. Заманауи талаптарға сай салынып жатқан бұл кешенде грек-рим, еркін және әйелдер күресімен қатар, жағажай күресі де қамтылады. Сонымен бірге, спортшыларға арналған медициналық және ғылыми-зерттеу зертханалары ашылмақ.
Айта кетерлігі, бұл академия тек жаттығу орны ғана емес, халықаралық деңгейдегі білім беру және даярлық орталығына айналуды көздейді. Болашақта мұнда әлемнің үздік балуандары бас қосып, тәжірибе алмасатын болады.
Сапар барысында тағы бір маңызды оқиға — Қазақстан күрес федерациясының жаңа кеңсесінің салтанатты ашылуы өтті. Лента қию рәсімін Еркін Оқасов пен Ненад Лалович бірге орындады. Бұл — ұлттық күрестің жаңа кезеңге қадам басқанын білдіретін символдық сәт.
Жаңа кеңсе тек әкімшілік орталық қана емес. Мұнда қазақ күресінің бай тарихын дәріптейтін ерекше Даңқ залы ашылды. Залда Олимпиада және әлем чемпионаттарында топ жарған даңқты балуандардың медальдары, белбеулері, жарыс киімдері мен архивтік фотосуреттері қойылған. Бұл — ел намысын асқақтатқан спортшыларға көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.
Сапардың басты нәтижелерінің бірі — Қазақстанда күресті жүйелі дамытуға бағытталған маңызды келісімге қол қойылуы болды. Енді Қазақстан күрес академиясы United World Wrestling аясында жұмыс істеп, халықаралық стандарттарға сай орталыққа айналмақ.
«Бұл жоба жас балуандарды даярлау жүйесін жаңа деңгейге көтереді. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибе мен отандық мектепті ұштастыратын бірегей орталық қалыптасады», — деді Қазақстан күрес федерациясының президенті
Еркін Оқасов.
Өз кезегінде UWW басшылығы Қазақстанның күрес саласындағы қарқынды дамуына жоғары баға беріп, алдағы уақытта ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, шетелдік делегация Астанадағы Жекпе-жек сарайы мен «Барыс Арена» спорт кешендерін аралап, Алматы қаласындағы бірқатар спорт нысандарымен де танысты.
Бұл сапар — Қазақстанның әлемдік күрес картасындағы орнын айқындай түскен маңызды қадам. Енді Астана тек елдің ғана емес, халықаралық күрес қауымдастығының да назарындағы орталыққа айналмақ.
