2 мамыр күні діни конфессиялар арасында дәстүрлі «ҚФФ Достық кубогы» турнирі өтеді. Спорттық шараға еліміздің әртүрлі діни бірлестіктерін таныстыратын 15 команда қатысып, жасыл алаңда өзара мықтыны анықтайды, деп жазады Sportbugin.kz.
Турнирдің бас серіктесі —
QAMQOR-ASTANA қоғамдық қоры. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарыс тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар түрлі конфессия өкілдері арасындағы достықты, өзара құрмет пен түсіністікті нығайтатын маңызды алаңға айналып отыр.
Биылғы додаға ислам, православ, католик, протестант және басқа да діни бағыттарды қамтитын командалар қатысады. Олардың қатарында «ҚМДБ Алаш», «Сұлтан», «Әл Фаттах», «АПМД», «Аксиос», «Фатима», «Catholic Team», «ЕХБ», «Библейлік лига», «Сәлем», «Шаңырақ», «Агапе», «Благодать», «Лиахона» және «Бахаи Астана» ұжымдары бар.
Дәстүрлі турнирдің басты мақсаты — спорт арқылы конфессияаралық келісімді нығайту, бейбітшілік пен достық құндылықтарын насихаттау. Қатысушылар алаңда тек жеңіс үшін емес, өзара сыйластық пен бірліктің үлгісін көрсету үшін бақ сынайды.
