Лондонда 28 сәуір мен 10 мамыр аралығында өтіп жатқан үстел теннисінен командалық әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы ең үздік нәтижеге қол жеткізді, деп жазады Sportbugin.kz.
64 ел қатысып жатқан додада отандастарымыз 1/8 финалда жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды.
Қазақстан құрамасы 1/8 финалда Испанияны 3:1 есебімен жеңіп, сенімді ойын көрсетті. Бұл кездесуде Алан Құрманғалиев пен Кирилл Герасименко қарсыластарынан басым түсіп, команданың жеңісіне үлкен үлес қосты.
Енді жерлестеріміз 6 мамыр күні Париж Олимпиадасының жартылай финалисі Жапония құрамасына қарсы ойнайды.
Топтық кезеңде де Қазақстан құрамасы жоғары деңгейде өнер көрсетті. Олар Түркияны 3:1, Египетті 3:2 және Таиландты 3:1 есебімен жеңді.
Жекелей көрсеткіштерге тоқталсақ, Кирилл Герасименко 8 жеңіспен команданың көшбасшысы атанды. Алан Құрманғалиев 3 жеңіс пен 2 жеңіліс тіркеді. Айдос Кенжеғұлов 1 жеңіс, 1 жеңіліс көрсетсе, Искендер Харки мен Санжар Жұбанов бір-бір жеңілістен еншілеген.
Осылайша, Қазақстан ерлер құрамасы әлем чемпионатында тарихи жетістікке жетіп, жанкүйерлерін қуантты.
