10 мамырда Үндістанның Гандинагар қаласында ерлер мен әйелдер арасында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты жалауын көтереді. Алайда, аталған сынға Қазақстан әйелдер құрамасы қатыспайды, деп жазады Sportbugin.kz.
ҰОК ресми сайтына сұхбат берген команданың бас бапкері Дәурен Бекмұханбетов құрлық додасына қатысатын қыздар командасының жоқ екенін алға тартқан.
«Қазір ұлттық құраманың көшбасшылары оқу-жаттығу жиынында дайындалып жатыр. Олардың барлығы 11-19 мамыр күндері Талдықорғанда өтетін ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында бақ сынайды.
Қазақстан чемпионаты аяқталған соң, Азия ойындарына қатысатын құрам нақты жасақталып, іріктеуден өткен спортшылармен арнайы дайындық жұмыстары басталады.
Ал қыздар құрамасы Азия чемпионатына қатыспайды. Себебі, әйелдер арасында әзірге қосалқы құрам толық қалыптаспаған. Сондықтан, олар қазір негізгі назарды ел чемпионатына аударып отыр. Одан кейін Азия ойындарына дайындық кезеңі басталады», — деді бас бапкер.
Айта кетерлігі аталған байрақты бәсекеге ұлттық құраманың негізгі атлеттері қатыспайды. Сондай-ақ ұлттық құрама әйелдер арасында да сынға түспейді.
