Алматыда күрес түрлерінен өткен ел кубогында бірнеше даулы белдесу тіркелді. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайға кейбір бапкерлер мен спортшылардың ережелерді толық меңгермеуі себеп болған. Осыған байланысты Олимпиадалық дәрежедегі UWW төрешісі Ерік Жұмабеков пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
Төреші жарыстардағы өзекті мәселені атап өтіп, ережені түсіндіру жұмыстарының әлсіз жүріп жатқанын жеткізді.
«Біз федерацияға жаңа басшылық келгенде бірден барлық аймақтарға, жасөспірімдерден бастап ұлттық құрама спортшылары мен бапкерлеріне ережені түсіндіру керек деп ұсыныс тастағанбыз. Әзірге бұл ұсынысымызға жауап жоқ. Сол жауап жоқтықтан қазір көп балуандар мен бапкерлері білімсіздіктерін көрсетіп қойып жатыр. Күрестің ережесі қайта-қайта өзгереді. Жылына 2-3 өзгеріс болады. Соның бәрін біз түсіндіруіміз керек. Әйтпесе әлемдік жарыстарда есе жібере береді.
Осы ел кубогында балуандар мен бапкерлердің ережені білмейтініне 100% көзіміз жетті. Сол үшін біз бүкіл Қазақстан аймағын аралап семинар өткізуіміз керек. Біз Игорь Лигай екеуміз Олимпиадада да, әлем чемпионатында да төрешілік етеміз. Сол кездерде ұлттық құраманың бапкерлерінің өзі ережені дұрыс білмейді. Яғни керек емес жерде челлендж басады. Нағыз керек кезде челлендж баспайды. Бұның бәрі ережені білмеген әрі түсінбегендіктен. Сондықтан бізге ереже саласын жетілдіру керек», — деді UWW төрешісі.
Айта кетейік, ел кубогы барысында әйелдер күресінен Зейнеп Баянова мен Марал Тәңірбергенова арасындағы финалдық белдесу, сондай-ақ еркін күресте Начын Куулар мен Шаттық Алайдар арасындағы жартылай финалдық кездесу көпшіліктің талқысына түскен даулы сәттердің бірі болды.
