Вьетнамда күрес түрлерінен 17 және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия біріншілігі өтеді. Аталған сынға әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан да қатысады, деп жазады Sportbugin.kz.
Қазір отандық балуандардың алдында екі жарыс тұр. Олардың бірі – U17, U23 Азия біріншілігі мен Моңғолияда өтетін күрестен рейтингілік турнир.
Еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Данияр Қайсанов Ризабектің неліктен рейтингілік турнирге қатыспайтынын айтты. Бұған дейін Айтмұхан ересектер арасындағы Азия біріншілігінен сырт қалған болатын.
«Ризабек Будапештте өтетін соңғы рейтингілік жарысқа қатысады. Ал Моңғолиядағы турнирге бармайды. Себебі, Вьетнамда өтетін жастар арасындағы Азия чемпионатында сынға түседі. Бұл бәсекені мүлде жоққа шығаруға болмайды. Еліміздің абыройы сынға түсетін дода, оның үстіне, Ризабектің жасы да келіп тұр. Айтмұхан үшін Азия чемпионаты өзінің бабын бір тексеріп алатын жарыс. Рейтингілік турнирге қатыспады деп сөгудің қажеті жоқ, біз үшін әрбір доданың маңызы зор. Азия чемпионатында Ризабек өзін көрсетеді деп сенемін, ол жақта да мықты қарсыластар бар», — деді Қайсанов.
Айта кетелік, Ризабек Айтмұхан еркін күрестен ересектер арасындағы, 21 және 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионы.
Спортшы соңғы Қазақстан кубогында қарсыластарының бәрін айқын басымдықпен жеңді. Сондай-ақ, ол PWL және RAF секілді коммерциялық жобаларда бақ сынайды.
