Қазіргі таңда күрес түрлерінен Қазақстан құрамасына шетелдік мамандарды тарту мәселесі көтеріліп жатыр. Бейресми ақпарат бойынша, 72 жастағы дағыстандық бапкер Маирбек Юсупов еркін күрес шеберлерімен жаттығуды бастап кеткен. Сондай-ақ, сенімді дереккөз хабарлауынша, күрестен әйелдер командасына да шетелдік кеңесші маман келмек. Осы орайда, Sportbugin.kz Қазақстан құрамасын басқарған шетелдік бапкерлерді еске алды.
Қазақстан еркін күрес құрамасын жаттықтырған танымал мамандардың бірі – ресейлік Сергей Белоглазов. Еркін күрестен екі дүркін Олимпиада, алты дүркін әлем чемпионы саналатын Сергей қазақ жігіттерін 2014 жылдан бастап жаттықтырды. Алайда, Белоглазовтың кезінде команда еш нәтиже көрсеткен жоқ. Әсіресе, 2016 жылғы Рио Олимпиадасында Қазақстан атынан барған бес балуанның бесеуі де жеңіліс тапты. Тек Ғалымжан Өсербаев қана қола медальға күресіп, жеңілген еді. Қалған балуандар алғашқы айналымнан аспаған. Осыдан соң, ресейлік бапкермен келісімшарт бірден күшін жойып, ол қызметінен қуылды.
2017 жылы отандық функционерлер тағы да ресейлік мамандардың көмегіне жүгінді. Бұл жолы еркін күрестен 5 дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының чемпионы Хаджимурат Гацалов кеңесші-бапкер болып келді. Сондай-ақ, ол еркін күрес академиясының басшысы міндетін атқарды. Алайда, 2018 жылдың аяғында Гацалов өз еркімен Қазақстаннан кетіп қалды. Бұған Гацаловтың жалақысы қысқарғаны себеп болуы мүмкін. БАҚ-тағы мәлімет бойынша, Хаджимурат Гацалов ай сайын 10 мың АҚШ доллары көлемінде жалақы алған. Бұл кезде де қазақ балуандары әлемдік жарыстарда айтарлықтай көзге түскен жоқ.
2017-2021 жылдар аралығында дағыстандық Маирбек Юсупов ұлттық құрамада кеңесші-бапкерлердің бірі болды. Юсуповтың жетекшілігімен де қазақ балуандарының арасынан не әлем чемпионы, не Олимпиада чемпионы шыққан жоқ. Тек ресейлік легионер Артас Сана (Нұрислам Санаев) ғана Токио Олимпиадасында қола медаль алса, әлем чемпионатында күміске қол жеткізді.
Еркін күрестен қазақ балуандары арасындағы алғашқы әлем чемпионы 2023 жылы шықты. 18 жастағы Ризабек Айтмұхан Сербияда 92 келі салмақта топ жарып, тарихқа атын жазды. Оның бапкерлері – Еркебұлан және Роллан Кешубаевтар болды.
Сондай-ақ, 2024 жылы Нұрғожа Қайпанов 70 келі салмақта әлем чемпионы атанды. Нұрғожаны чемпиондық атаққа бапкерлері Аян Бейсембаев пен Камал Гаджимагомедов алып келді.
