Кристиан Эриксен Дания құрамасының Украинаға қарсы жолдастық матчында есінен танып қалды. Осыдан кейін ойын тоқтатылып, футболшы дереу тексерілуге жіберілді, деп жазады Sportbugin.kz.
Оқиға жолдастық кездесудің барысында болды. Эриксен алаңға құлаған сәтте медициналық бригада бірден алғашқы көмекті көрсетті. Кейін матч толықтай тоқтатылды.
Дания құрамасының дәрігері Мортен Боэсеннің айтуынша, Эриксен қысқа уақытқа есінен айырылғанымен, өте жылдам өз-өзіне келген. Сондай-ақ оның имплантталған кардиологиялық құрылғысы қалыпты режимде жұмыс істеген.
Бұл Эриксен үшін алаңдағы екінші ауыр жағдай. 2021 жылдың маусымында ол Еуро-2020 турнирінде Финляндияға қарсы ойында жүрегі тоқтап, ауыр жағдайды бастан өткерген болатын. Сол оқиғадан кейін оған кардиовертер-дефибриллятор имплантацияланған. Соған қарамастан, футболшы кәсіби мансабын жалғастырып, қайта алаңға оралған еді.
