Қытайдың Гуянг қаласында World Boxing әлем кубогінің екінші кезеңі басталды. 15-21 маусым аралығында өтетін жарыста 40 елден 300 былғары қолғап шеберлері бақ сынасып жатыр.
Жарыстың алғашқы күнінде 6 боксшымыздың 5-і қарсыластарынан басым түсіп, келесі кезеңге өтті.
Жарыс күнін 60 келідегі Серік Теміржанов бастады. Ол Германия боксшысы Денис Брилді 5:0 есебімен сенімді жеңіп, келесі айналымға жолдама алды.
90 келі салмақ дәрежесінде дебют жасаған Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай Оңтүстік Корея өкілі Гичшае Кимді үш рет нокдаунға түсірді. Кездесу 2-раундта мерзімінен бұрын аяқталды. Отандасымыз 16 маусым күні 2025 жылы Бразилияда өткен Әлем кубогінің жеңімпазы өзбекстандық Турабек Хабибуллаевпен күш байқасады.
80 келіге көтерілуге шешім қабылдаған Сабыржан Аққалықов 1/16 финалда жарыс қожайыны Хиабао Уангті 5:0 есебімен жеңді. Өзінің жоғары деңгейдегі шеберлігін көрсеткен отандасымыз жекпе-жек барысында айқын басымдық танытты. Боксшының келесі қарсыласы — әлем чемпионы, өзбекстандық боксшы Жавохир Умматалиев.
Әлем чемпионы Наталья Богданова жаңа салмақтағы алғашқы жекпе-жегінде қытайлық Зио Баомен кездесіп, тартысты өткен айқастың қорытындысы бойынша 1:4 есебімен есе жіберді.
Аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай 1/8 финалда америкалық Нажай Райтпен кездесті. Ол қарсыласын айқын басымдықпен жеңді.
Осылайша, қазақстандық боксшы жарыстың ширек финалына жолдама алды.
Қазақстандықтар үшін Әлем кубогінің бірінші күні Азия чемпионы, аса ауыр салмақтағы Дина Исламбекованың жеңісімен қорытындыланды.Ол ширек финалда Ирландия боксшысы Лиона Дарсиді үш мәрте нокдаунға жібергеннен кейін төреші 2-раундта айқасты тоқтатты. Дина Исламбекова 20 маусым күні жартылай финалда өзбекстандық Олтиной Сотимбоевамен кездесіп, финал жолдамасын сарапқа салады.
Автор: Жанерке Есманова
