Қазақстандық танымал шахматшы, гроссмейстер Жансая Әбдумәлік соңғы уақытта ұлттық құрамадағы әріптесі Бибісара Асаубаева төңірегінде туындаған дауларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Instagram желісінде оқырмандарының сұрақтарына жауап берген Әбдумәлік бұл жағдайға қатысты ешкімнің жағына шыққысы келмейтінін айтты.
Оның сөзінше, жеке адамдар арасындағы тартыстан гөрі мұндай оқиғалардың қазақстандық шахматтың жалпы беделіне әсері көбірек алаңдатады.
Гроссмейстердің пікірінше, шахмат әлемінен алыс адамдар үздіксіз дау-дамайларды көріп, бұл спорт түрін интеллектуалдық жетістіктермен емес, жанжалдармен байланыстыра бастайды. Мұндай жағдай демеушілердің қызығушылығын төмендетіп, жас шахматшылардың болашағына кері ықпал етуі мүмкін.
«Танымал спортшылар қандай жағдай болмасын өз мансабын жалғастырудың жолын табады. Ал жас әрі талантты шахматшылар мұндай жағдайдан көбірек зардап шегуі мүмкін. Әрбір қоғам алдында жүрген адам өзінің жеке мүддесін ғана емес, сөзі мен әрекетінің бүкіл шахмат қауымдастығының беделіне қалай әсер ететінін де ойлауы керек», — деді Абдумалик.
Сондай-ақ ол спортты дамытуға қаржы құюға дайын инвесторлар мен серіктестер уақыт өте келе жанжалға толы ортадан бас тартуы мүмкін екенін атап өтті.
