Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жаңа маусымдағы жарыстар кестесі жарияланды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
ISU мәнерлеп сырғанаудан 2026-2027 жылғы маусымдағы Гран-при кезеңдеріне қатысатын спортшылардың жарыс кестесін жариялады.
Ересектер арасындағы Гран-при додасына Қазақстаннан екі спортшы жолдама алды. Олардың бірі — Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров. Ол маусымды 23-25 қазан күндері Францияда өтетін Гран-при кезеңінде бастайды. Кейін 6-8 қараша аралығында Қытайдағы кезеңде мұз айдынына шығады.
Ал Софья Самоделкина 29 қазан -1 қараша аралығында Канададағы, сондай-ақ 13-15 қараша күндері АҚШ-тағы Гран-при кезеңдерінде өнер көрсетеді.
Егер қазақстандық спортшылар қажетті ұпай санын жинай алса, 11-13 желтоқсанда Қытайдың Чунцин қаласында өтетін Гран-при финалына қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоровтың жаңа маусымға дайындықты АҚШ-та әйгілі бапкер Рафаэль Арутюнян жетекшілігімен өткізіп жатқаны белгілі болған еді.
