Қытайда өтіп жатқан дзюдодан Гран-при турнирінде Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлде түсті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев күміс медаль иеленді.
Тәжірибелі дзюдошы жарыс барысында төрт қарсыласын жеңіп, финалға дейін сүрінбей жетті. Алтын медаль үшін өткен шешуші белдесуде ол Олимпиаданың екі дүркін чемпионы, әлемнің төрт дүркін чемпионы жапониялық Хифуми Абэге қарсы шықты.
Тартысты өткен финалда қазақстандық спортшы 0:1 есебімен жеңіліп, турнирдің күміс жүлдегері атанды.
Айта кетейік, бұл салмақтағы қола жүлделерді бразилиялық Рональд Лима мен франциялық Келвин Рэй жеңіп алды.
