Қазақстан ММА федерациясының президенті Сағындық Мекеев елімізде
UFC турнирін өткізу мәселесіне қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Sports.kz-ке сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Сондай-ақ Мекеев Әзербайжанның өз жерінде UFC турнирін екінші рет өткізуінің және жақын арада Өзбекстанның да мұндай дода қабылдауы мүмкін болуының себептерін түсіндірді.
«Әзербайжан, Өзбекстан және Қазақстанның айырмашылығы неде екенін білесіз бе? Бакуде UFC өткізуді армандап қана қоймай, соны жүзеге асыру үшін біріккен, ұйымшыл команда бар. Ол жақта тұрақтылық қалыптасқан.
Ал Өзбекстанда ММА-ны жақсы көретін Отабек Умаров бар. Ол бұл іске шын
мәнінде жанашырлық танытады және кәсіпкерлерден қаржы тартуға мүмкіндігі жоғары. Мемлекет мұндай жарыстарға ақша бөлмейді, негізінен қаржыландыруды бизнес өкілдері қамтамасыз етеді.
Қазақстанда жағдай сәл өзгеше. Біз бұл екі елден де баймыз. Бірақ біздің кәсіпкерлердің басым бөлігі тұйық, бастама көтере бермейді. Елімізде ММА-ға кім қолдау көрсетіп жүр? Алидар Өтемұратов, Гаджи Гаджиев, Кеңес Рақышев көмектеседі, бұдан басқа ешкімді көріп тұрған жоқпын. Forbes тізіміндегі миллиардерлердің спортқа айтарлықтай қолдау көрсетіп жатқанын естімедім. Әркім өз бұрышында отыр», — деді Мекеев.
Айта кетейік, жақында Өзбекстан Ұлттық Олимпиада комитеті төрағасының бірінші орынбасары Отабек Умаров АҚШ-та әлемдегі ең ірі аралас жекпе-жек ұйымы UFC президенті Дана Уайтпен кездескен болатын.
