Бексұлтан Боранбек Олимпиада чемпионының інісін жеңіп, Азия чемпионатының финалына шықты, деп жазды Sportbugin.kz.
Индонезияда өтіп жатқан U23 Азия чемпионатының жартылай финалында Бексұлтан екі дүркін Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматовтың інісі Фариозбек Дусматовпен кездесті.
Алғашқы екі раунд тартысты өтіп, төрешілер екеуінде де өзбек боксшысына 3:2 есебімен басымдық берді.
Алайда шешуші раундта Бексұлтан қарсыласынан белсенді әрі ширақ қимылдап, кездесуді өз пайдасына бұрды. Нәтижесінде қазақстандық боксшы төрешілердің 3:2 есебіндегі айырмашылықпен жеңіске жетті.
Осылайша, Бексұлтан Боранбек Азия чемпионатының финалына шығып, алтын медаль үшін бақ сынайды. Ал Фариозбек Дусматов қола жүлдені қанағат тұтты.
