Грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Азия ойындарына қатысатын балуандардың алдын ала тізімі жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Olimpic.kz. сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
15 шілдеде Будапештте (Венгрия) басталатын халықаралық рейтингтік турнир Азия ойындары алдындағы шешуші жарыстардың бірі болмақ.
«Бұл — жыл басынан бергі төртінші рейтингтік турнир. Венгрияға негізінен Азия ойындарына үміткер балуандарды апарып отырмыз. Бұл жарыс олардың қазіргі дайындығын бағалап, қай тұстарын әлі де жетілдіру қажет екенін көруге мүмкіндік береді», — деді бас бапкер Қонысбек Төкенов.
Бапкердің айтуынша, Азия ойындарына арналған алдын ала құрам жасақталған. Бірқатар салмақта нақты шешім қабылданған.
«77 келіде ел намысын Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев қорғайды. 97 келіде Ислам Евлоевқа сенім артылып отыр. Ал 130 келіде Олжас Сырлыбай Азия ойындарына дайындалып жатыр.
Ал 67 келіде бәсеке әлі де жалғасады. Бұл салмақта Будапешттегі турнирде үш балуан сынға түседі. Қазіргі таңда Мейіржан Шермаханбет көш бастап тұр.
60 келіде де жолдама тағдыры Будапештте шешіледі. Ербол Камалиев пен Ернұр Фидахметовтың қайсысы өзін жақсы қырынан көрсетсе, сол Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғайтын болады», — деді.
