Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов Будапешттегі Иштван Козма атындағы күрес академиясында болды, деп жазады Sportbugin.kz.
Кездесу барысында Қазақстан мен Венгрия арасындағы спорт саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған екі меморандумға қол қойылды.
Алғашқы құжат Қазақстан және Венгрия күрес федерациялары арасындағы әріптестікті дамытуға арналған. Келісім аясында ұлттық құрамалардың бірлескен оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылып, спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілер тәжірибе алмасады. Сондай-ақ әйелдер және жасөспірімдер күресін дамыту, спорт ғылымының жетістіктерін енгізу және халықаралық байланыстарды нығайту көзделген.
Екінші меморандум Қазақстан күрес академиясы мен Иштван Козма атындағы Венгрия күрес академиясы арасында жасалды. Құжат халықаралық деңгейдегі балуандарды даярлауға, спортшылар мен мамандар алмасуға, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге және заманауи дайындық әдістерін енгізуге бағытталған.
