Венгрияда күрес түрлерінен өткен рейтингілік турнирдің еркін күрестен алтын жүлдегері Асыл Айтақын жарыс туралы пікірін білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
«Венгриядағы жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Бұл турнирде әлем чемпионатына қатысатын мықты балуандар бақ сынады.
Алғашқы айналымда былтырғы әлем чемпионатының жүлдегері атанған Әзербайжан балуанымен кездестім. Екінші белдесуімде Азия чемпионатының күміс жүлдегері, үндістандық спортшыға қарсы шықтым. Осыдан бір ай бұрын Моңғолияда өткен рейтингілік турнирде дәл осы балуаннан жеңілген едім. Бұл жолы есемді қайтарып, жеңіске жеттім.
Финалда Түркияның 23 жасқа дейінгі әлем чемпионына қарсы белдестім. Жалпы, қарсыластарымның ешқайсысы осал болған жоқ.
Биыл әлем чемпионатына қатысу — басты мақсатым. Әлем біріншілігіндегі негізгі қарсыластардың бірі — тәжірибелі дағыстандық Заур Угуев. Жалпы чемпионатына тыңғылықты дайындалатын боламыз», — деді Асыл Айтақын.
