Таеквондо федерациясының вице-президенті Сұлтан Қасымов ұлттық құраманың Азия ойындарына дайындығы туралы айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Сұлтан Қасымовтың сөзінше, таеквондодан ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабына Иран құрамасының бұрынғы бас бапкері мен дене дайындығы жөніндегі маманы қосылды.
«Қазіргі таңда ұлттық құраманың Азия ойындарына дайындығы жоспарға сай жүріп жатыр. Оқу-жаттығу процесіне тәжірибелі шетелдік мамандар тартылды.
Атап айтқанда, Ираннан дене дайындығы жөніндегі маман және Иран ұлттық құрамасының бас бапкері шақырылды. Қазір олар қазақстандық жаттықтырушылар штабымен бірлесіп жұмыс істеуде.
Спортшылардың физикалық және тактикалық дайындығына ерекше көңіл бөлініп отыр. Барлық жұмыс Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсетуге бағытталған», — деді Сұлтан Қасымов.
