Дзюдодан Қазақстан құрамасы Эквадорда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының аралас командалық жарысында жеңімпаз атанды, деп жазады Sportbugin.kz.
Финалда отандастарымыз Бразилия құрамасымен кездесті. Негізгі белдесулер 3:3 есебімен тең аяқталған соң, чемпионды анықтау үшін қосымша белдесудің жеребесі тартылды.
Жеребе бойынша 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесі таңдалып, шешуші кездесуде Иянат Жұбатқан қарсыласын жеңіп, Қазақстанға әлем чемпиондығын сыйлады.
Финалда Қазақстан сапынан Расулхан Ғабит (-60 кг), Інжу Жұмажан (-63 кг), Бекали Еркен (-81 кг), Тоғжан Төлебай (+63 кг), Әділжан Жаудинов (+81 кг) және Иянат Жұбатқан (-48 кг) татамиге шықты.
Қазақстан құрамасы жарысты Болгарияны 4:1 есебімен жеңуден бастады. Ширек финалда Жапониядан 4:2 есебімен басым түссе, жартылай финалда Өзбекстан құрамасын дәл осындай есеппен ұтты.
Бұл — Қазақстан дзюдосы тарихындағы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының аралас командалық жарысында қол жеткізілген алғашқы чемпиондық атақ.
