2025 жылғы Дүниежүзілік гимназиадада Қазақстан қоржынына медаль салған Auyl Sport жобасының жеңімпаздары жоғары оқу орындарына білім грантына ие болды . Бұл туралы жоба жетекшісі әрі авторы Ғалымбек Жақсылықов айтты, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Өткен жылы Қазақстан құрамасы Дүниежүзілік гимназиадаға 22 спортшымен қатысып, жалпы есепте 11 медаль жеңіп алған еді. Сол құрамның 12 спортшысы Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры жүзеге асыратын Auyl Sport әлеуметтік жобасының жеңімпаздары атанған.
Ауылдан шыққан жас чемпиондар спорттағы жетістігін білім саласында да жалғастырып, жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім грантына ие болды. Атап айтқанда: Қалыбек Нұрқожа — Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне, Айбек Садық — Қазақ ұлттық спорт университетіне, Шыңғыс Макаров — Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне, Елімбай Нұртас — Қазақ ұлттық спорт университетіне оқуға түсті.
Жоба жетекшісі Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, Auyl Sport аясында спорттағы жетістікпен қатар, ауыл жастарына білім алуға мүмкіндік беруге де ерекше көңіл бөлініп отыр.
«Жобамыз жетілу үстінде. Ұсыныстар да көп. Биылғы жаңа маусымда бірнеше жақсы жаңалығымыз бар. Былтыр Дүниежүзілік гимназиадаға барып, жеңіске жеткен боксшыларымыз бен еркін күрес шеберлеріне Оқу-ағарту министрлігі тарапынан жоғары оқу орнына түсуге тегін грант тағайындалды. Біз грант бағыты бойынша жұмысты жалғастыра береміз», — деді Ғалымбек Жақсылықов.
Айта кетейік, Auyl Sport жобасының жаңа маусымы биыл Қазақстанның барлық 17 облысын қамтиды. Өңірлік жарыстарға 10-15 жас аралығындағы 15 мыңға жуық жас спортшы қатысады.
Жасөспірімдер спорттың сегіз түрінен — каратэ, баскетбол, волейбол, бокс, еркін күрес, шахмат, үстел теннисі және футболдан бақ сынайды. Жарыстар барысында барлығы 510 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Жаңа маусымдағы өңірлік жарыстар 10 қыркүйекте Жамбыл облысынан басталып, 10 қазанға дейін жалғасады. Осылайша Auyl Sport ауыл-аймақтағы бұқаралық спортты дамытуға, талантты балаларды анықтауға және олардың спорттық қабілетін шыңдауға бағытталған ауқымды жобалардың біріне айналып отыр.
