Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бекасыл Асамбектің өнеріне баға берді, деп жазады Sportbugin.kz.
Ислам Байрамуков Бекасыл Асамбектің болашағына үлкен үміт артатынын айтты. Байрамуковтың пікірінше, жас балуанды ұлттық құраманың негізгі командасына ертерек тарту қажет.
«61 келі салмақта Бекасыл Асамбек маған өте ұнады. Ол Қазақстан кубогында да күрескен. Өте дарынды жігіт, бұл — біздің болашағымыз. Оны негізгі құрамға тарту керек. Әсіресе, жеңіл салмақта спортшылардың толысуы жылдам жүреді, ал спорттық ғұмыры ұзақ емес. Бұл салмақ қууға, басқа да ырғақ пен жылдамдықтарға байланысты. Ол Ризабектің жолын қайталап, жастар арасындағы әлем чемпионатында екінші болып, кейін ересектер арасында әлем чемпионы атануы мүмкін. Сондықтан оны ересектер құрамасына белсенді түрде тарту қажет», — деді Ислам Байрамуков.
Олимпиада жүлдегері финалдағы жеңіліске тактикалық қателіктер әсер еткенін де атап өтті.
«Финалда қобалжып қалды дейді. Бірақ мен басқа нәрсеге назар аудардым. Алғашқы екі эпизодта ол жай ғана соңына дейін жұмыс істемеді. Жеңіске қолайлы жағдайы болды, бірақ сол сәттерді толық пайдалана алмады. Сол мүмкіндіктердің бірін ұтқанда, белдесу мүлде басқаша өрбитін еді. Америкалықтар соңғы секундқа дейін күреседі. Оларға қарсы тактиканы дұрыс құру керек. Оларды күтпеген техникалық шешімдермен, ерекше тәсілдермен жеңуге болады», — деді Байрамуков.
