Дзюдошы Шерзод Давлатов Швейцарияның Лозанна қаласында өтіп жатқан Grand Slam турнирінде есе жіберді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз қола жүлде үшін өткен белдесуде Өзбекстан өкілі Самариддин Кучкаровқа есе жіберді.
Шерзод Давлатов жарыс барысында жартылай финалға дейін жеткен еді. Ширек финалда ол Франция құрамасының өкілі Лука Мхеидзені сенімді түрде жеңді. Франциялық дзюдошы Париж-2024 Олимпиадасының командалық жарысындағы чемпионы, жекелей сында күміс жүлдегері және Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдегері саналады.
Алайда финалға шығу үшін болған белдесуде қазақстандық спортшы оңтүстіккореялық Ли Харимге жол берді. Осылайша Давлатовқа қола медаль үшін күресу мүмкіндігі берілгенімен, шешуші белдесуде өзбекстандық Самариддин Кучкаров басым түсті.
Нәтижесінде Шерзод Давлатов Лозаннадағы Grand Slam турнирін жүлдесіз аяқтады.
