Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстан спортшыларына Азия ойындарындағы алтын медаль үшін төленетін сыйақы көлемі туралы айтты, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Министр бұл туралы 11 қыркүйекте Астанада өтіп жатқан Қазақстан ұлттық құрамасының Азия ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиынында мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, спортшыларды қосымша ынталандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның ішінде Азия ойындарындағы медальдар үшін берілетін сыйақы көлемін айтарлықтай арттыру жоспарланған.
«Біз бұл норманы заңнамалық тұрғыда енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұған дейін спортшылар 5, 10 немесе 15 мың доллар көлемінде сыйақы алатын. Қазір алтын медаль үшін 50 мың доллар төлеуді жоспарлап отырмыз. Алайда дәл осы Азия ойындарында сыйақы бюджеттен тыс қаражат есебінен беріледі. Қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз», — деді Мырзабосынов.
Министр Азия ойындарының алтын медалі жоғары бағаланатынын атап өтті. Оның айтуынша, Азия құрлығында спорттық бәсекелестік өте жоғары, сондықтан бұл додада алтын медаль жеңіп алу оңай емес.
