Ереванда еркін күрестен өтіп жатқан Stepan Sargsyan Cup халықаралық турнирінде Асхаб Хаджиев топ жарды, деп жазады Sportbugin.kz.
86 келі салмақта өнер көрсететін отандасымыз шешуші белдесуде АҚШ өкілі, әлем чемпионы және әлемдік рейтингте көш бастап тұрған Захид Валенсиямен кездесті.
Тартысты өткен белдесуде Асхаб Хаджиев алғашқы кезеңде 2:8 есебімен жеңіліп жатты. Алайда қазақстандық балуан соңына дейін күресіп, басымдықты өз пайдасына өзгерте алды.
Нәтижесінде Асхаб Хаджиев Захид Валенсияны 12:11 есебімен жеңіп, Stepan Sargsyan Cup турнирінің алтын жүлдесін иеленді.
