Әділбек Ниязымбетов пен Қамшыбек Қоңқабаев «Спортшылар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің басшылық құрамына кірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Әділбек Ниязымбетов «Спортшылар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің даму жөніндегі директоры, ал Қамшыбек Қоңқабаев спорт директоры қызметіне тағайындалған.
«Спортшылар кеңесі» қоғамдық бірлестігі биыл 8 шілдеде құрылған. Оның құрамына Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпиондары мен жүлдегерлері, қазіргі спортшылар және отандық спорттың дамуына үлес қосқан ардагерлер енген.
Бірлестіктің негізгі мақсаты — спортшылардың мүддесін қорғау, саладағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу және спортты дамытуға бағытталған мемлекеттік бастамаларды іске асыруға атсалысу.
Айта кетейік, бұған дейін Әділбек Ниязымбетов Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Шоқыр Бөлтекұлы атындағы Маңғыстау облыстық жоғары спорт жетістіктері мектебінің директоры қызметін атқарған еді. Ал Қамшыбек Қоңқабаев кәсіби мансабын аяқтағанын мәлімдеген болатын.
