Астанада ауқымды күзгі «Таза Қазақстан» экологиялық айлығы өтіп жатыр. Оның аясында елорданың барлық ауданында қала аумағын санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру бойынша іс-шаралар өтіп жатыр. Экологиялық іс-шараларға тұрғындар, жастар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері белсенді қатысып, ПИК пен МИБ те жұмылдырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елорданың барлық ауданында қатысушылар саябақтар, гүлзарлар, тұрғын үйлердің аулалары, қоғамдық кеңістіктер мен ұйымдардың маңындағы аумақтарды ретке келтіруде.
Айлық аясында қоқыс жиналып, арнайы орынға шығарылады, қала аумағы санитарлық тазаланады, абаттандыру жұмысы жүргізіліп, жасыл желекке күтім жасалады және ағаштар отырғызылады.
Қоғамдық кеңістіктерде, аулаларда және қала тұрғындары көп жүретін орындарда тазалықты сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Жұмыс кешенді түрде жүргізіліп, қала инфрақұрылымының түрлі тұстарын қамтиды.
Еске салайық, күзгі экологиялық айлық 12 қыркүйекте басталды және Астананың барлық ауданында өтеді.
Бір ай ішінде қаланы санитарлық тазарту, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, көгалдандыру және қала аумағын ретке келтіру бойынша бірқатар іс-шара өткізу жоспарланған.
Экологиялық іс-шараларға кез келген ниет білдіруші қатыса алады. Айлықты өткізу елорданың санитарлық және экологиялық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениеті мен қала тазалығына жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған.
Астананы абаттандыру және көгалдандыру жұмысы жүріп жатыр.
