Гимнаст Ақмарал Ерекешеваның жеке бапкері Меруерт Балғынбаева Жапонияда өткен Азия ойындарындағы өнеріне баға берді, деп жазады Sportbugin.kz.
Бапкердің айтуынша, Ақмарал құрлық додасына жақсы дайындықпен барған.
«Ақмарал Азия ойындарына өте жақсы дайындықпен, бабында келді. Іріктеу кезеңінен кейін бірінші орында болды. Өкінішке қарай, финалда өз мүмкіндігін толық көрсете алмады.
Жарыстан кейін бірге талдау жасадық. Өзі де медальді қатты қалағанын айтты. Менің ойымша, нәтиже туралы артық ойлау оған өз жұмысын толық орындауға кедергі болды.
Әрине, бапкер ретінде басты жарыстардың бірінде осындай нәтиже болғаны өкінішті. Бірақ Ақмарал әлі өте жас. Биыл ғана ересектер бағдарламасына ауысып, бірден жақсы нәтижелер көрсете бастады. Сондықтан бұл жарыс біз үшін де, өзі үшін де үлкен тәжірибе әрі маңызды сабақ болды.
Ең бастысы — өзіңе сеніп, жаттығуда қалыптасқан жұмысты орындау. Нәтиже туралы емес, сол сәттегі міндетке көңіл бөлу керек. Алда әлі талай үлкен жарыстар мен жеңістер бар деп сенемін», — деді Меруерт Балғынбаева.
Айта кетейік, Ақмарал Ерекешева Азия ойындарында жекелей көпсайыстың финалында өнер көрсетті. Төрт жаттығудың қорытындысы бойынша қазақстандық гимнаст 108,000 ұпай жинап, төртінші орынға тұрақтады.
Ерекешева шығыршықпен жаттығуда 28,900, доппен 27,300, ұршықтармен 25,200, таспамен 26,600 ұпай еншіледі.
