Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университетінің жаңа стадионында жеңіл атлетикадан ел чемпионатының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бірінші вице-президенті Алпамыс Бақытұлы мен бас хатшысы Келбет Нұрғазина қатысты.
Біріншіліктің негізгі жарыстары аталған университетінің су жаңа алаңында өтуде. Ал лақтыру түрлері бойынша сайыстар Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде ұйымдастырылуда. Чемпионатқа еліміздің 17 өңірінен 265-тен астам спортшы жиналып, 48 жеке сайыс түрі мен эстафеталық жарыстарда бақ сынауда.
Ұлттық дода 24 шілдеге дейін жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша 2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының құрамы жасақталады.
Чемпионаттың алғашқы жарыс күнінде спорттық жүріс, жүгіру, секіру, лақтыру және эстафеталық сайыстар бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
20 шақырымдық спорттық жүрісте әйелдер арасында Алматы қаласының өкілі Кристина Морозова 1:44:12.16 нәтижесімен жеңімпаз атанды. Ерлер арасында Жарылқасын Егізбай (Шымкент) 1:35:58.47 нәтижесімен Қазақстан рекордын жаңартып, чемпион атанды.
Найза лақтырудан әйелдер арасында Варвара Назарова (Шығыс Қазақстан облысы) 45,75 метр нәтижемен алтын жүлдеге қол жеткізді. Ерлер арасында Алексей Хлыстов (Шығыс Қазақстан облысы) 70,47 метрге лақтырып, жеңіске жетті.
100 метрге жүгіруде әйелдер арасында Виктория Ан (Астана) 11,90 секунд нәтижемен чемпион атанды. Ерлер арасында Алмат Төлебаев (Алматы) 10,71 секунд нәтижемен жеңіске жетсе.
Биіктікке секіруден Кристина Овчинникова (Қарағанды облысы) 1,84 метр көрсеткішпен жеңіске жетті. Әйелдер арасындағы ядро серпуден Ангелина Полтинова (Шымкент) 12,05 метр нәтижемен алтын жүлдені иеленді.
Сырықпен секіруден Анастасия Ибрагимова (Алматы) 3,90 метр нәтижемен жеңімпаз атанды. Полина Иванова (Алматы) – 3,80 метрмен екінші, Ангелина Володкина (Шымкент) – 3,20 метрмен үшінші орын алды.
Әйелдер арасындағы ұзындыққа секіруде Анастасия Рыпакова (Шығыс Қазақстан облысы) 6,11 метр көрсеткішпен жеңіске жетті. 1500 метрге жүгіруде әйелдер арасында Аяна Болатбекқызы (Жетісу облысы) 4:26.77 нәтижемен бірінші орын алды. Ерлер арасында Игорь Хрунин (Шығыс Қазақстан облысы) 4:00.75 нәтижемен чемпион атанды. 400 метрге жүгіруде Милана Зубарева (Қарағанды облысы) 56,98 секундпен, ал Елнор Мұхитдинов (Шығыс Қазақстан облысы) 47,66 секундпен жеңіске жетті.
Ерлер арасындағы ядро серпуден Иван Иванов (Шығыс Қазақстан облысы) 18,57 метр нәтижемен чемпион атанды.
10 000 метрге жүгіруде әйелдер арасында Дэйзи Джепкемей (Шығыс Қазақстан облысы) 33:52.33 нәтижемен жеңіске жетті. Ерлер арасында Максим Фроловский (Алматы) 28:50.94 нәтижемен бірінші орын алды.
Ерлер арасындағы ұзындыққа секіруде Александр Кузьмичев (Маңғыстау облысы) 7,18 метр нәтижемен жеңіске жетті.
4×100 метрлік эстафетада әйелдер арасында Алматы қаласының құрамасы 48,56 секунд нәтижемен чемпион атанды. Ерлер арасында Қарағанды облысының құрамасы 42,12 секунд нәтижемен жеңіске жетті.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».
