17-25 қазан аралығында Нидерландада спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты өтеді. Байрақты бәсекеде Қазақстан атынан алты спортшы өнер көрсетеді, деп жазады Sportbugin.kz.
Әлемнің үздік гимнастары бас қосатын 54-ші әлем чемпионаты Rotterdam Ahoy аренасында ұйымдастырылады.
Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын мына спортшылар қорғайды:
Нариман Құрбанов, Милад Карими, Дмитрий Патанин, Ильяс Азизов, Нұрлан Ыдырысов, Роман Хегай.
Чемпионат барысында 14 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Сонымен қатар, жарыста 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына арналған алғашқы командалық жолдамалар ойнатылады.
Халықаралық гимнастика федерациясы мен Халықаралық Олимпиада комитетінің іріктеу тәртібіне сәйкес, көпсайыста командалық финалға шыққан ерлер мен әйелдер арасындағы үздік үш құрама бес спортшыдан тұратын командасымен Олимпиадаға жолдама алады. Қалған тоғыз командалық жолдама 2027 жылы Қытайда өтетін әлем чемпионатында сарапқа салынады.
