Марат Байкамуров Абу-Дабиде өтіп жатқан Grand Slam турнирінде қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Отандасымыз ерлер арасында 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол ресейлік Адам Сангариевтен басым түсіп, жарыстың қола жүлдегері атанды.
Марат Байкамуров жарыс барысында Франция мен Кипр спортшыларын жеңген. Алайда ширек финалда ресейлік Идар Бифовқа жол берді. Одан кейін жұбаныш белдесуінде АҚШ өкілі Даниэль Любимовскиді ұтып, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Абу-Дабидегі Grand Slam турнирін екі қола жүлдемен аяқтады.
