Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған боксшы Саят Ілиясов Таразда өтіп жатқан ел чемпионатына қатыса алмады. Бұған спортшының Қазақстан Республикасының азаматтығын әлі ала алмауы себеп болған, деп жазады Sportbugin.kz.
Боксшының айтуынша, ол қаңтар айында Қазақстанға көшіп келіп, азаматтық алу үшін қажетті құжаттарын тапсырған. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының намысын қорғап жүрген спортшы құжаттарының дайын болмауына байланысты бірқатар маңызды жарыстан тыс қалған.
«Құжаттарымды қаңтар айында тапсырдым. Алайда әлі күнге дейін дайын емес. Әртүрлі себептермен кейінге шегеріліп келеді. Соның салдарынан дайындығым босқа кетіп жатыр. Қазақстан чемпионатына да, Азия чемпионатына да қатыса алмадым», — дейді Саят Ілиясов.
Саят Ілиясов бұған дейін Өзбекстан құрамасы сапында халықаралық жарыстарда өнер көрсеткен. Ол 2022 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанса, 2025 жылы 22 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия біріншілігінде чемпион болды. Аталған турнирдің финалында 60 келі салмақта қазақстандық Илья Калининді жеңген.
Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушылары арасында да талқыланып жатыр. Қазақстанның атынан өнер көрсетуге ниет білдіріп, елге қоныс аударған спортшының азаматтық алу процесі ұзаққа созылуы оның жарыс жолына да әсер етіп отыр. Спортшының құжат мәселесі қашан шешілетіні әзірге белгісіз. Ал уақытында шешілмеген мәселе оның алдағы спорттық мансабына да ықпал етуі мүмкін.
