Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XX жазғы Азия ойындары мен V Азия пара ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық спортшыларды қабылдап, бірқатар спортшыға мемлекеттік наградалар табыстады, деп жазады Sportbugin.kz.
Кездесу барысында мемлекет басшысы таеквондодан Қазақстан тарихындағы алғашқы Азия ойындарының алтынын жеңіп алған Тамирлан Тілеулестің табысын ерекше атап өтті.
«Азия ойындарында бақ сынаған белгілі спортшымыз Тамирлан Тілеулестің есімі де отандық және әлемдік спорт тарихында қалатыны сөзсіз. Ол таеквондодан ел тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жас спортшы Ақордадағы қабылдау кезінде Мемлекет басшысының өзі туралы айтқанын күтпегенін және бұл сәт оған ерекше әсер еткенін жеткізді.
«Өте ерекше сезімде болдым. Президент мен туралы айтады деп ойламадым. Оны естігенде қатты қуандым. Ең бірінші анама айтсам деп ойладым. Қазір анама хабарласып: “Мама, Президент мен туралы айтып жатыр, мен туралы бәрін біледі”, — деп айтамын ғой», — деді спортшы.
Сондай-ақ Тамирлан Тілеулес алдағы жарыстарға дайындықты бастап кеткенін айтты. Қараша айының соңында өтетін Гран-при турнирінің финалына қатысу үшін қазір оқу-жаттығу жиынында жүр. Спортшы алдағы бәсекелерде де жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс жолын жалғастыруға ниетті.
Айта кетейік, Азия ойындарының чемпионы Тамирлан Тілеулес спорттағы жетістігі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
