Сал ауруына шалдыққан Никифор Анисимов Ресейдің спорт шебері атанды. Бүгінде ол Якутия мен Ресей құрамаларының сапында жеңіл атлетикадан өнер көрсетеді, деп жазады Sportbugin.kz.
Никифор ауылдық жерде өскен. Денсаулығына байланысты ұзақ уақыт бойы үйден оқуға мәжбүр болған. Тек тоғызыншы сыныпта ол мектеп директорынан сыныптастарымен бірге сабаққа қатысуға рұқсат беруін өзі сұраған.
Мектепті аяқтаған соң Никифор мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған республикалық интернат-колледжге оқуға түседі. Дәл осы оқу орнында ол алғаш рет спортпен айналыса бастады.
Күнделікті жаттығулардың арқасында ол әуелі республикалық жарыстарда бақ сынап, кейін бүкілресейлік деңгейдегі додаларға қатысуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде Ресейдің спорт шебері нормативін орындады.
Алайда спортшының жолында тағы бір сынақ кездесті. Ол аяғынан ауыр жарақат алып, ота жасатуға мәжбүр болды. Оңалту кезеңінен өткен соң Никифор қайтадан жаттығуға оралды.
Қазір ол Якутия мен Ресейдің жеңіл атлетика құрамаларының мүшесі. Сонымен қатар Солтүстік-Шығыс федералды университетінің Дене шынықтыру институтында үшінші курста білім алып жатыр.
