Шпагамен семсерлесуден Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет командалық сында Олимпиадаға қатысады. Бұл туралы бүгін Тбилисиде (Грузия) өткен әлем кубогі кезеңінде белгілі болды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Грузия астанасында семсерлесуден әлем кубогінің соңғы кезеңі өтті. Бұл сында Азия құрлығына бөлінген жалғыз жолдама үшін Қазақстан мен Оңтүстік Корея құрамалары таласқан болатын.
Әлемдік ұйым ережесіне сәйкес, Париж Олимпиадасында әлемдік рейтингте алғашқы төрт орында тұрған командалар тікелей жолдама алады. Алғашқы төрттік қатарында Қазақстанның құрлықтағы басты қарсыластарының бірі Жапония құрамасы да бар.
Осылайша, сары құрлыққа бөлінген жолдама тағдыры бүгін шешілді. Қазақстанға командалық сында жолдама алу үшін Оңтүстік Кореяның Тбилисидегі әлем кубогінде алтын медаль алмағаны керек-тін.
Қуанышқа қарай, кореялықтар Чехияға жол беріп, жарысты ерте аяқтады.
Ал Қазақстан командасы өз тарихында тұңғыш рет командалық жарыста жолдама алып, Тбилисидегі әлем кубогінде қола медальді қоржынға салды. Одан бөлек, жекелей сында Руслан Курбанов 5-орын иемденді.
Айта кетелік, шпагамен семсерлесуден Қазақстан намысын Эльмир Алимжанов, Руслан Курбанов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов қорғауда.