Күрес түрлерінен Бішкекте (Қырғызстан) өткен лицензиялық турнирден соң еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері Мадияр Құрамысов спортшылардың көрсеткішіне шолу жасады, деп жазады ҰОК сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Бас бапкер жеңіліп қалған және жолдама иеленген спортшылардың артықшылығы мен кемшілігіне тоқталды.
«57 келідегі Ерасыл Мұхтарұлы әлі жас бала. Ол бала жанып кетті. Таңертең тамағын да іше алмады. Үнділік балуан физикалық жағынан өте мықты.
65 келідегі Маис Алиев те 20 жастағы жігіт. Ол барын салды, бірақ, қытаймен күрескенде қателік жасады. Тәжірибе жетпеді. Бес ұпаймен алда келе жатып, жеңісті қолдан беріп қойды. Ақылға салмады.Бірақ оның күресі ұнады.
74 келідегі Нұрғожа Қайпанов өте нашар күресті. Соңғы жаттығу жиынында да босаңсып жүрді. Өзінен төмен салмақтағылармен дайындалды. «Ертең мықтылармен тіресесің, өзіңнен жоғары салмақ алсаңшы», — деп қанша айттық оған. Сол әсер етті.
97 келідегі Әлішер Ерғали ойдағыдай күресті.
125 келідегі Юсуп Батырмұрзаев батырлық жасады. Оның ең осал жері – төзімнің жоқтығы. Күресі, әдістері бар, бірақ төзім жоқ. Бірінші кезеңге ғана жетеді. Оның проблемасы — сол. Әйтпесе, әлемдік деңгейдегі, медаль салатын балуан.
Енді Стамбулда өтетін соңғы іріктеу турниріне Яшар-Догу халықаралық турнирінде жақсы күрескен жігіттерді апарамыз», — деді бас бапкер.