Астанада күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында грек-рим күресінен
67 келіге дейінгі салмақтың финалында өзбек балуаны Айтжан Қалмаханов пен Иранның Олимпиада чемпионы Саид Эсмаили белдеседі.
Шетелдік БАҚ шешуші кездесудің алдындағы тарихқа тоқталып, Қалмахановтың тарихи отанында әлем чемпионы атану мүмкіндігін сөз етті.
Бұл екі балуан бұған дейін де белдескен. 2025 жылы Саид Эсмаили Айтжан Қалмахановты 9:0 есебімен айқын жеңген. Енді Өзбекстан атынан сынға түсетін этникалық қазақ балуанның қарымта қайтаруға мүмкіндігі бар.
Айтжан Қалмаханов Астанадағы әлем чемпионатының финалында жеңіске жетсе, бір жағынан, өзбек жанкүйерлерін қуантса, екінші жағынан, ата-бабасының тарихи отанындағы күрес жанкүйерлерінің де ықыласына бөлене алады.
Айта кетейік, Айтжан Қалмаханов — 2025 жылғы әлем және Азия чемпионы.
Ол аталған жарыстарда 63 келіге дейінгі салмақта топ жарған. Сондай-ақ U20 және U17 санаттарында әлем чемпионы атанып, 2026 жылғы Азия ойындарында 67 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алған.
Ал Саид Эсмаили — Париж Олимпиадасының чемпионы. Ол 2025 жылы 67 келіге дейінгі салмақта әлем және Азия чемпионаттарында жеңіске жетіп, Ислам ынтымақтастығы ойындарында да топ жарған.
