Су спорты түрлерінен Парижде (Франция) өтіп жатқан әлем кубогының екінші кезеңінде Қазақстан командасы алтын, күміс және қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Қазақстан Республикасының тарихындағы су спортынан тұңғыш әлем чемпиондары Эдуард Ким мен Наргиза Болатова көркем жүзуден Парижде (Франция) өтіп жатқан әлем кубогының екінші кезеңінде чемпиондары атанды.
Техникалық аралас дуэт бағдарламасында 216,3250 ұпай нәтижесі спортшыларға алтын жүлде әкелді. Үздік үштікке Италия құрамасы мен Испания жұбы кірді.
Естеріңізге сала кетейік, Қытайда өткен әлем чемпионатының бірінші кезеңінде Эдуард Ким мен Наргиза Болатова күміс алған болатын.
Сонымен қатар, 17 жастағы отандасымыз Виктор Друзин көркем жүзуден соло жаттығуы бойынша 163,7189 ұпаймен күміс жүлде иегері атанды. Ол бір ай бұрын дәл осы бағыдарлама бойынша бірінші кезеңде қолаға қол жеткізген болатын.
Оған қоса, командалық сындағы еркін бағдарлама спортшылары да жүлдеге ілікті.
Қазақстан құрамасы 253.6353 ұпаймен үздік үштікті тұйықтаса, Жапония 323.3207 ұпаймен алтын, Канада 297.5853 ұпаймен күміс медаль иеленді.