Аида Әбікеева Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тапты, деп жазады Sportbugin.kz.
65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін отандасымыз ширек финалда Қытай өкілі Ли Шумен жұдырықтасты.
Жекпе-жектің алғашқы раунды қытайлық боксшының басымдығымен өтті. Ли Шу қарсыласына бірнеше дәл соққы жасап, бес төрешінің төртеуі оның пайдасына ұпай берді.
Екінші раундта да қытайлық спортшы басымдық танытып, төрешілердің үшеуі оны жеңімпаз деп таныды. Үшінші раундта Аида Әбікеева ереже бұзғаны үшін бір ұпайынан айырылды.
Айта кетейік, бұған дейін әйелдер құрамасынан Назым Қызайбай мен Виктория Графеева, ерлер құрамасынан Оразбек Асылқұлов пен Сабыржан Аққалықов жарысты аяқтаған болатын.
