Қазақстан бокстан Сидней Олимпиадасындағы жетістікті әлі күнге дейін қайталаған емес. Төрт боксшымыз алтын үшін айқасқан күндермен әзірге мақтана тұрамыз, деп жазады Sport+ арнасына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Содан бері бес олимпиадалық цикл өтсе де, Олимпиаданың финалында бізге бір алтыннан артық жеңіс бұйырмаған. Ал Токиода боксшылардың финалға жете алмауы біздің спортта үлкен мәселе барын білдірткен дабыл қоңырауы еді.
Бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әлімбек Балмағамбетовтің айтуынша, Токио Олимпиадасындағы сәтсіздікке бапкерлердің қателігі себеп болуы мүмкін.
«Мен кезінде ұлттық құрамада қызмет еттім. Шәкіртім Галиб Жафаров әлем чемпионы болды. Олимпиада ойындарына қатысты. Бапкерлік қызметте команданы екі Олимпиадаға дайындауға үлес қостым. Сол тәжірибемнен түйгенімді айтайын.
Токио Олимпиадасының қарсаңында бапкерлер құрамы қателік жіберді. Олар Олимпиаданың басталуына бір жарым ай қалғанда боксшыларды Азия чемпионатына апарды. Төрт жыл бойы күткен ірі турнир қарсаңында спортшыларды мұндай ресми жарысқа апарған дұрыс емес. Жігіттердің бәрі осы турнирде «жанып» кетті.
Тағы да айтамын, көпшілік ел Олимпиада алдында спортшыларын жабу астында ұстайды. Біздің боксшылар Азия чемпионатында барын салып, Олимпиадада сәтсіздікке ұшырады», — дейді ол.