Түркістан облысында Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбековтың жүлдесіне арналған жастар арасындағы ХІІ халықаралық турнир басталды, деп жазады Sportbugin.kz.
Жарыстың ашылу салтанатына көптеген құрметті қонақтар арнайы келді. Оның ішінде Қазақстан боксының жарқын жұлдыздары Ермахан Ибраимов, Болат Жұмаділов, Біржан Жақыпов, Тұрсынғали Еділов және тағы басқа танымал азаматтар қатысты.
«Қазақта нар тұлғалы батыр деген түсінік бар. Дәл осы сипатқа Мұхтархан Қобыланбекұлы сай келеді. Сіз отандық бокстың дамуына спортшы ретінде де, қазіргі уақытта федерация вице-президенті ретінде де өлшеусіз үлес қосып келесіз», — деді ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп.
Халықаралық турнирге 7 мемлекеттен 118 боксшы қатысуда. Жеңімпаздар 28 маусым күні анықталады.
Тағы бір айта кетерлігі, жарысты тамашалауға әйгілі кубалық боксшы Алексис Рубалкаба келді. Сидней Олимпиадасында Ділдәбеков өзінен әлдеқайда ұзын әрі ірі саналатын Алексисті нокдаунмен жеңген болатын.