Халықаралық Олимпиада комитеті ресейлік он балуанға нейтралды спортшы ретінде Париж ойындарына қатысуға шақырту жіберді. Алайда, бұл тізімге әйгілі ресейлік балуандар енген жоқ. Оның ішінде Токио Олимпиадасының чемпионы Заур Угуев та бар, деп жазады Sportbugin.kz.
ХОК тізімнен сызып тастаған балуандар арасында Токио ойындарының чемпионы Заур Угуев пен Заурбек Сидаков, Олимпиада жүлдегерлері Артур Найфонов пен Сергей Семенов бар. Бұған дейін Мұса Евлоев пен екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаевтың Парижге бармайтыны белгілі болды.
Бұл балуандарды нақты не үшін шақырмағанын ХОК түсіндірген жоқ. Бір анығы — аталған спортшылар Владимир Путиннің саясатын қолдайтын салтанатты іс-шараларда бой көрсеткен және күштік құрылымдарда тіркелген.
Осы орайда, Заур Угуевтің Париж ойындарынан шеттетілгені қазақ жанкүйеріне де көп сұрақ туындатты. Себебі, Угуев Белградта өткен былтырғы әлем чемпионатында Олимпиада жолдамасын иеленген. Сондай-ақ, ол лицензия үшін өткен белдесуде басқа емес, біздің Мейрамбек Қартбайды жеңген болатын. Угуев Олимпиадаға жіберілмегендіктен, оның жолдамасы Мейрамбекке берілуі мүмкін деп үміттенгендер аз емес.
Алайда, күрес түрлерінде Олимпиада жолдамасы жекелеген спортшыларға емес, командаға берілетінін ұмытпау керек. 57 келіде Угуев бармаса, Ресейдің басқа балуаны дайын. Атап айтар болсақ, Халықаралық Олимпиада комитеті дәл осы салмақта Начын Монгушқа шақырту жіберді.
Нейтралды спортшы ретінде шақырту алған ресейлік балуандардың барлығы да келісімге қол қойып, Париж ойындарына қатысуға дайын отыр. Ресейдің спорттық күрес федерациясы да Олимпиадаға баратын балуандарды барынша қолдайтынын ашық айтуда. Бірақ ресейлік спортшылардың Париж Олимпиадасына қатысу мәселесі әлі де болса түбегейлі шешілген жоқ.
«ХОК шақырту жіберген балуандардың ішінен Вероника Чумикова ғана келіскен жоқ. Ол жарақатына байланысты Олимпиададан бас тартып отыр. Қалғандары қол қойды. Олармен әлі де талқылаймыз. Егер Олимпиадаға барамыз деген нақты шешім қабылданатын болса, логистика мәселесі де әлі шешілген жоқ. Делегация туралы, массажшы, дәрігер сынды мамандарымыз туралы не айтуға болатынын білмеймін. Олардың да қалай баратыны белгісіз. ХОК тарапынан қандай да бір қосымша талап болған жоқ. Кеше конгресс өткен, ол жақтан да жаңа еш нәрсе естімедім», — деді Ресей күрес федерациясының президенті Михаил Мамиашвили.
Яғни, ХОК шақырту жіберсе де, ресейлік балуандардың біраз мәселесі шешілген жоқ. Кім біледі, Қартбайдың да жолы түсіп қалар…