29 қараша күні Астанада өтетін күрестен Wrestling Stars турниріне қатысатын тағы бірнеше балуан белгілі болды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Еркін және грек-рим күресінің шеберлері қатысатын дүбірлі бәсекедегі кезекті жұптар анықталды.
Турнирде 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионы Начын Куулар мен қырғызстандық балуан, Азия чемпионы, 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионы Ұлықбек Жолдошбеков белдеседі. Екі балуан еркін күрестен 70 келі салмақта бақ сынамақ.
Сондай-ақ, жылдың айтулы спорттық оқиғасының тағы бір жағымды жаңалығы бар. Грек-рим күресінен 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Хорлан Жақанша кілемге қайта оралды. Ол 55 келі салмақта еліміздің қазіргі үздігі, 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионы Исхар Құрбаевпен өзара мықтыны анықтайды.
Айта кетелік, бұған дейін турнирге екі дүркін әлем, төрт дүркін Олимпиада чемпионы Франк Чамисо (Италия), Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Чермен Валиев (Албания) және екі дүркін Азия чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері Данияр Қайсановтың қатысатыны хабарланған болатын.
Жарыс жеңімпаздары ірі қаржылай сыйақыға ие болады.
Турнирді ұйымдастырушы – Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов.
Балуандар бәсекесі 29 қараша күні Астанадағы Beeline Arena спорт кешенінде өтеді.